Ырғызбай Досқанаұлы кесенесі

Шығыстың рухани бұлағы, қасиетті де атақты емші Ырғызбай Досқанаұлы 1787 жылы туып, 1850 жылы дүниеден өткен. Кесенесі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданыныда Тарбағатай тауының теріскей бетіндегі бұйратты құба белде, Ақсуат ауылынан Кіндікті ауылына баратын жолдың бойында, солтүстікке қарай 5 шақырым жерде Күмісті бастауының қасында орналасқан. Ел ішіндегі ақпараттарға қарағанда Ырғызбай Досқанаұлы қайтыс боларын сезіп: «топырақ маған осы жерден бұйырған. Менің сүйегімді Кіндіктіге апармаңдар, анау тұрған құба белге жерлейсіңдер»-деп, қазір өзі жатқан жотаны көрсетеді. «Мені сандықша бейітке қоясыңдар. Басыма зират үйін тұрғызбаңдар. Зират үйін тұрғызу келешек ұрпақтың міндеті»-деп өсиет еткен екен. Ырғызбай ата XX ғасырдың басында Шыныбай Жәнібекұлы – деген ақсақалдың түсіне кіріп: «менің басым жалаңаш жатыр ғой» — деп аян береді. Шыныбай ақсақал тастан қалап Ырғызбай атаның басын көтереді. Одан кейін Ырғызбай Досқанаұлының басына құлпытасты 1975 жылы Тағабаев Құнанбай ақсақал өз қолымен қояды.

Бұл кесененің басындағы барлық іс-шаралар мен тазалыққа 2001 жылдан бері Тағабаев Болат Құнанбайұлы басшылық жасап келеді.

Ырғызбай Досқанаұлының кесенесі мен оған зиярат жасап келушілерге арналған үйдің іргетасы 1990 жылы 7 қазан күні қойылып, 14 қазан күні басталып, 22 қазан күні аяқталған. Ол кезде кесене силикат кірпішпен қапталған. Силикат кірпіштің жарамдылық уақыты өте қысқа болғандықтан кесененің іргесі жаңбыр мен желдің әсерінен мүжіліп тоза бастаған.

Кесенеге қазақ халқына сыйлы Сабуровтар әулеті атынан және алаштың ардақты ұлы Бәделхан Камалханұлы тарапынан 2014 жылы қайта жаңғыртылу жұмыстары жүргізілді. Бәделхан Камалханұлы идея авторы бола тұрып, осы жобаны өзі тікелей іске асырды. Барлық материалдарға Сабуровтар әулеті басшылық ететін «Ағзам» асыл тұқымды жылқы зауыты демеушілік жасады. Ескерткіштің негізгі материалдары болып тұрған қызыл және жасыл гранит тастар 1100 шақырым болатын Баянауыл жерінен тасылып әкелінді.

Кесене Сырдария сағасындағы маңдай беттегі кіре берісте екі ойығы бар екі камералы ескерткіштердің дәстүріне жатады. Ескерткіш жоспары жағынан 6,5х6,4 м. болатын тік төрт бұрышты қызыл гранит тастардан өңделіп соғылған. Құрылыс материалдары ретіндегі тастар Баянауыл жерінен тасылып әкелінген. Кесене порталды-күмбезді, екі камералы, болып келеді. Кесененің бұрыштары әлемнің төрт бұрышына қарай бағытталған. Жерлеу камерасына кіреберіс оңтүстік қабырғаның ортасына қойылған. Осы дәлізден жерлеу камерасына кіретін есіктің батыс және шығыс қабырғаларында пішіндері үшбұрышты терезелер жасалған. Кіреберіс бөлменің қабырғасы 2,8 х2,0 м, Тас сандықшаның өлшемдері 3х1,2 м. Қызыл мрамордан жасалған «Әулие Ырғызбай»- деген жазуы бар қасбеттің биіктігі 3,4 м. Қабырғасының биіктігі 3 м, ал адыңғы екі мұнараның биіктіктері 3,7 м, артқы екі мұнараның биіктіктері 2,4 м. Кесененің күмбезінің төбесінде орналасқан «аймен» бірге қосқандағы жалпы биіктігі 9,2 м. Кесене әшекейлі тас қалауымен безендірілген. Төменгі жағы таған ретінде жасыл түсті граниттан жасалған. Өз кезегінде осы палитра ескерткішке керемет өң береді. Күмбездің жоғарғы жағында жарық түсіп, ауа алмасу үшін жасалған төрт саңылау бар.

Кесененің шығыс жағында төрт адамға арналған жатын бөлме, сондай-ақ Тарпаңбай ұлы Лензаттың зираты мен тағы оншақты адамның тас қабірлерінің орындары бар.

Шығыстың рухани бұлағы, қасиетті де атақты емші Ырғызбай Досқанаұлының кесенесін өз қаржысына қайта жаңғыртқан алаштың ардақты азаматы Бәделхан Камалханұлы Қазақстан Республикасына ақысыз, қайтарымсыз және мәңгілікке сыйға тартады.

Ответов пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

code

Назад
WhatsApp
Email
Телефон
Оставить заявку