Е.Қ. Оралбай

Ә. Х. Марғұлан атындағы археология

институтының ғылыми қызметкерлері

Сарыкөл ғибадатханасы

Киелі Шыңғыстаудың ежелден адамзат баласының тұрақты қонысы болғандығы белгілі. Өңірде тас, қола дәуірлерінен бері сақ, ғұн, үйсін, көне түрік дәуірлерінің де, одан кейінгі этнографиялық кезеңдердің де ескерткіштерінің мол екені, бүгінгі таңда археологиялық зерттеулерден дәлелденіп отыр.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» — бағдарламасы аясында 2007-2008 жылдары Шыңғыстаудың жайлауындағы Сарыкөл атты көлдің айналасындағы 20-25 шақырым радиуста, археологиялық барлау жасалып,  әр кезеңдегі мәдени-хронологиялық дәуірлерге жататын жерлеу кешендері, соның ішінде қола, ерте темір және көне түрік және қимақ-қыпшақ дәуірлерінің көптеген ескерткіштері шоғырланғандығы анықталды.

Осы барлау жұмыстарынан кейін Сарыкөлдің жағасындағы үш қоршаудан тұратын кешенге қазба жұмыстары басталды. Шығыс жағында, беті шығысқа қаратыла, көне түрік заманының бір тас мүсіні орнатылған. Тас мүсінде нағыз моңғол келбетті ер адамның бет пішіні салынған. Бет пішіні анық көрінеді — көздері, қыр мұрны, үшкіл мұрты мен сақалы біртұтас бедермен көрсетілген. Мойнына үшбұрышты әшекей ілінген. Арқасында бірнеше тал толқын бұрымдары әдемі нақышталған. Мұндай сын тас (стела) типтес тас мүсіндер көне түріктерде де, қимақ-қыпшақтарда да кеңінен тараған. Бұларды тек бет-пішінін бейнелеудегі бедерлердің өте нәзік айырмашылықтарынан ғана көне түркі дәуіріне жатқызуға болады.

Көне түріктердің мекендерінен бізге қалған мұралар тас мүсіндер, адамды атымен жерлеген обалар және дөңгелек немесе тік бұрышты ғұрыптық қоршаулар болып табылады. Олар тегіс тақталардан қабырғалай қойылады, кейбір жағдайларда бірнеше қабатпен қалап шығарылатын да болған. Екі, үш және одан да көп шарбақтардың бір-біріне жапсарластыра қаланатын түрлері де жиі ұшырасады. Тас мүсіндер болса шарбақтың шығыс жағына қойылатын болған. Бұл жерде тас мүсіндердін құндылығы сонда олар көне түрік дәуірі адамдарының  нақты келбетін жандандырады. Көне түріктік мұндай қоршаулар марқүмға арнап ас беру ғұрпын өткізуге байланысты жасалды.

Қазба барысы көрсеткендей бұл үш қоршау, тас тақталардан тұрғызылған, төртбұрышты көне түрік дәуірінің ғұрыптық қоршаулары немесе ғибадатханасы екені анықталды. Көне түріктерде о дүниелік болғандардың рухымен теңестірілген тас мүсіндер төңірегіне, тас қоршау ішіне және қорған үйіндісіндегі терең емес шұңқырларға ет, сүт тағамдарын және ат әбзелдерінен заттар көмген. Заттарды бөлек, «құпия» орындарға көму, көбінесе, түріктердегі өртеп жерлеу ғұрпына байланысты.

Ескерткіш толықтай аршылып болғанда, солтүстік- батыс – оңтүстік- шығыс бағытта созылып орналасқан бұл кешен, көлемдері мен түстері әртүрлі граниттік тастардан тұрғызылғандығы көрінді. Үш қоршаудың солтүстік шетіндегі үлкені мен ортадағы одан сәл кішірегінің орталарындағы алаңқаймен, үлкен қоршаудың солтүстік- шығыс жағындағы тас мүсінді айналдыра пошымы П әрпі тәрізді арнайы дайындалған шұңқырда жағылған от (алау) орны байқалды. От жағардың тереңдігі жарты метр, түбі астау тәрізді, ойық келген. Батырлар жырларындағы тұлпарлардың тұяғынан опырылып түсетін «от орнындай» жер деген теңеулер осы дәуірлерден жетсе керек. Осы от орнының маңайынан және ортасынан жылқының астыңғы жақ сүйегі, тістерімен қоса және сары, жирен түсті, құрбандыққа шалынған жылқы малының қылдары табылды. Қара дақтың  бойынан, жеке-жеке жалпағынан жатқан тастар кездесті. Бұлар құрбандық шалу үрдісінде малдың бауыздарына пайдаланған ерекше маңызы бар төсеніш тастар болған. Ал бұл жылқылар марқұмның бақиға мінер арғымақтары болған. Ал тас мүсіндер тірілердің тілектерін тәңіріге жеткізуші, марқұмның жебеушісі ретінде қойылған.

Тас мүсін мен алау орнының арасында  аумағы төрт-бес метр кеңістік сақталған. Бұл бос кеңістік өз кезінде шамандар жындарын шақырып, әртүрлі рәсімдерін жасаған, діни билерін билеген киелі алаңқай болса керек. Өйткені осы алаңқайды толық тазалағанда, табылған түсі қызыл, бір тал ақық (агат) моншақ пен пошымы дөңгелек келген, шеттеріне гүл тәрізді жапырақшалар бедерлеген күміс жапсырма бақсылардан үзіліп түскен бұйымдар болуы мүмкін.

Кешенді толықтай тазалағанда, үлкен қоршаумен ортаңғы қоршаудың орталарындағы алаңқай толықтай от орны екені анықталды. Ортадан салынған қазба  барысында, күл араласқан топырақтың қалыңдығы 15-20 см. екені анықталды. Бұдан екі қоршауда да өлікті өртеу салтының көп уақыт бойы жүргенін көруге болады.

Көне түріктердің отқа байланысты таным түсініктері жоғары болған. Өлікті өртеп қою дәстүрінің от культімен тікелей байланысты екендігі белгілі. Бақиға көшкен адамның тірі кезінде жасаған әртүрлі күнәларынан от тазалайды деген сеніммен өртеп жіберген. Оттың жалынымен оның тазаланған, күнәсіз жаны аспанға ұшады. Бұл сенімнің көне түріктерде мықты дамығаны соншалық, ислам діні келгеннен кейінде негізгі қызметтерін атқармағанмен де кейбір элементтерін сақтап қалды. Бұл жерде қазақ халқында өте ерте кезден отқа байланысты салт-дәстүрлер қалыптасқанын айта кету керек. Оның өзі тамырластығын сақ, көне түріктерден бастау алған дәстүрлер екені кейінгі кезеңдердегі зерттеулерден дәлелденіп жатыр. Олар: жас нәрестені бесікке саларда бесікті отпен аластау, жас келін үйге алғаш енгенде табалдырықтан отқа май құю, ел жайлауға кошкенде көшті жанған екі оттың ортасынан өткізу. Ескі, жарамсыз заттарды өртеп отыру, т.т. Бұның бәрі — оттың тазартқыштык (дезинфекциялық) қасиетін ертедегі ата-бабаларымыздың айқын аңғарғандығы.

Ал тірі күнінде мінген атын бірге жерлеп, құрбандыққа жылқы шалып, ыдыс-аяқ, ат әбзелдерін бірге көму дәстүрі, ислам дінімен сабақтасып, сопылық бағытта өзінің жалғасын тапқан. Оларды қонақ  асына, жеті және қырық күндік пен жылдығына сойылған жылқының басын марқұмның моласының ішіне қою және ақтық байлау дәстүрлерінен көреміз.

Үлкен қоршаудан ешқандай тұрмыс қалдықтары кездеспеді. Ортаңғы қоршаудың оңтүстік -шығысынан, қоршаудың ортасына таман, сынған, сақталымы орташа бір темір ауыздық, екі тал, мысық тұқымдас аңның бейнесін беретін, бетін қалайымен  қаптаған, беті сүйегі және шықшыты, иегі анық бейнеленген темір қапсырмалар және күміс құман табылды. Екі қапсырманың да сақталымдары нашар. Біреуінің нобайы ғана қалған, екіншісінің темірден жасалған негізі сақталғанымен бетіндегі қалайының тек қалдықтары ғана қалған. Күміс құманның бір беті ауыр зат басқанан майысқанымен жалпы жақсы сақталған. Бұл жерде айта кетерлік бір оқиға, кешенді барлау жұмыстары кезінде алғаш көріп, жоғарыда сипатталған тас мүсінді тікейтіп қою мақсатымен көтергенде астынан алтын құман мен бұйымдар табылған. Көне түркілер алтынды күнге теңеп, күннен жаралған тас деп түсінген. Алтыннан, күмістен жасалған құмандар көне түркілерде кеңінен таралғанын қытай және монғол деректерінен білеміз. Алтын мен күміс табиғатта жеке түрінде кездесетін болғандықтан және  қазіргі ғылыми түрде дәлелденген алтын мен күмістің түрлі микробтарды өлтіретін қасиетін ол кезеңде де білгенге ұқсайды. Күміс ыдысқа қүйылған су көпке дейін бұзылмайды, себебі, күміс иондары судағы бактерияларды өлтіретінін көп жылдық тәжірибелерінен анық білген. Ал бұл аза тұту кешеніндегі алтын және күміс ыдыстардың атқарған рөлдері ерекше болған. Оларға марқұмның қасиетті иман сулары құйылып қойылатын болса керек.

Атқарылатын археологиялық жұмыстар негізінде жинақталған деректердің аймақтың көне және орта ғасырлар тарихын жүйелі зерттеудің игі бастамасына ықпал етері хақ. Шыңғыстаудағы көне түрік кешендерін, тас мүсіндерін ғылыми тұрғыдан зерттеу қашанда берері мол еңбек екені дау тудырмайды. Өйткені, қазіргі кезеңде монументальді өнер ескерткіштерін зерттеуде оларды дәуірлеу мен кезеңдерге бөлу, классификациялау, тас бейнелер композициянының сырын ашу, сондай-ақ оларды аталмыш аймақта және одан тыс жерлерде өткен этномәдени үрдістерді айқындауда нақты деректер ретінде пайдаланудың өзектілігі артып отыр. Бұл тас мүсіндерді кешенді түрде, тыңғылықты зерттеу Ұлы Даланың этникалық картасын нақтылай  түсуге, сондай-ақ, қазақтардың жақын ата-бабалары болып келетін, көне түркілер мен қимақ-қыпшақ замандарындағы осы өңірде өмір сүрген халықтардың мәдениетінің, діни наным-сенімдерінің әліде ашылмай жатқан қырларын тануға қосар үлесі ұшан-теңіз.

Ответов пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

code

Назад
WhatsApp
Email
Телефон
Оставить заявку